«Астана арландары» Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) үшінші маусымындағы жеңісті жолын жалғастыруда
АЛМАТЫ. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - "Астана арландары" Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) үшінші маусымындағы жеңісті жолын жалғастыруда.
Кеше Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында олар "Украин атамандарымен" қарымта кездесуін өткізген еді. Бұған дейін 2012 жылы 17 қараша күні Киевте өткен үшінші маусымдағы тұңғыш кездесуде 2:3 есебімен "арландардың" мерейі үстем шыққан болатын. Онда бұл дүбірлі додаға алғаш рет қатысып отырған Мирас Жақыповқа 3 кездесу өткізген тәжірибелі боксшы Иван Ильницкий 0:3 есебімен ойсырай ұтылған еді. Бұл жолы 8 кездесу өткізген тісқаққан молдовалық легионер Александр Рисканға (54 кг) үміт артқан "атамандардың" ойлаған ойы жүзеге аспады. Алаңдағы польяк төрешісі қазақстандықтың қолын көтерді. Мирас бұл сайыста да 3:0 есебімен жеңіп, өзінің үшінші кездесуінде де шеберлігімен жанкүйерін қуантты. Одан кейін сырт алаңда Вячеслав Кислицынға ұтылып қалған Ержан Мүсәпіровті бұл жолы команда капитаны Самат Башеновпен (61 кг) ауыстырған бас бапкер Сергей Корчинскийдің тактикасы өз нәтижесін берді. Украиндардың 24 жасар дебютанты Дмитрио Руденконы дәл осындай есеппен тізе бүктірген Самат өзінің WSB-дағы төртінші жекпе-жегіндегі үшінші жеңісіне қол жеткізді. Олардың жеңісті жолын астаналықтардың израильдік легионері Константин Снигур (73 кг) жалғастыра алмады. Иван Голубқа 0:3 есебімен жіберген ол осының алдында жаны мұрнының ұшына тіреліп тұрған украиндықтардың есепті қысқартуына мүмкіндік берді.
Киевтегі алғашқы сайыста астаналықтардың украиналық легионері Сергей Деревьянченко (73 кг) өз жерлесі Дмитро Митрофановты 3:0 етіп ұтқан еді. Ал онда Денис Пояцикаға 1:2 есебімен ұтылған «арландардың» ирандық легионері Ехсан Розбахани (85 кг) Сергей Лапинді 3:0 есебімен ұтып, есе қайтарды. Сондай-ақ «Астана арландары» қатарынан алтыншы рет жеңіске қол жеткізді. Сырт алаңдағы алғашқы жекпе-жекте астаналықтарға оны ақтық кездесуде хорватиялық легионер Филипп Хргович (+91 кг) cыйлаған еді. Ол Ростислав Архипенконы 3:0 есебімен ұтып, жалпы есепті 3:2-ге жеткізген болатын. Бұл жолы Бүкіләлемдік бокс сериясындағы өткен жылғы Азияның ең үздік боксшысы, асаауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев Анатолий Антонюкті 3:0 етіп ұтып, қарымта кездесудегі қорытынды есепке нүкте қойды.
Сонымен «атамандарды» 4:1 есебімен жүндей түткен «арландар» Бүкіләлемдік бокс сериясында «В» тобындағы алтыншы жеңісімен, көшбасшылық орнын нықтай түсті.