«Астана арландары» мен «Куба Домадорес» арасындағы шешуші сын тікелей эфирде көрсетіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - 20-21 маусым күндерi Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде Бүкiләлемдiк бокс сериясының (WSB) финалдық бәсекесінде Қазақстанның «Астана арландары» мен Кубаның «Куба Домадорес» командалары бас жүлдені сарапқа салады.
Екі күн бойы он салмақ бойынша өтетін тартысты кездесуде қос елдің де мықты боксшылары шаршы алаңға шығатыны жоспарланып отыр.
Осы кездесуді спорт кешеніне барып, өз көзімен көремін деушілер мен «Астана арландарының» жанкүйерлері үшін билеттер сатылуда.
Елордамызда өтетін бокс кешін «Хабар» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Басталуы Астана уақытымен 17 сағат 15 минутта. Сонымен қатар Ресейдің «Боец» телеарнасы да Қазақстан мен Куба боксшыларының тартысты жекпе-жегін екі күн бойы тікелей эфирде көрсететіні жөнінде мәлімет жариялады.
Әлем назары Астанаға ауып тұрған шақта «Астана арландарының» барша жанкүйерлері Қазақ елінің намысты жігіттері ел абыройын асқақтатып, жеңіске қол жеткізеді деген сенімде.