«Астана арландары» WSB маусымындағы 7-ші жеңісіне қол жеткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның «Астана арландары» командасы бүгін Алматыда Дүниежүзілік бокс сериясы аясында Италияның «Italia Thunder» командасымен кездесіп, 3:2 есебімен басым түсті.

«Астана арландары» WSB маусымындағы 7-ші жеңісіне қол жеткізді

Алғашқы жекпе-жек арландықтар үшін барынша қиын болды десек те болады. Өйткені бұған дейін Олимпиада ойындарында екі мәрте қола жүлдегер атанған, бүгінде итальяндықтардың сапында өнер көрсетуге бел буған ирландық Барнс те Конландтың азулы екендігі бокс жанкүйерлеріне жақсы таныс. Дегенмен, 49 келі салмақ санатында өнер көрсеткен жерлесіміз Теміртас Жүсіпов ұпай санымен есе жібергенімен, қарымды қарсыласына айтарлықтай есе жібере қойды деп айтуға келмейді. Ал 56 келі салмақ санатында шаршы алаңға көтерілген жерлесіміз Қайрат Ерғалиев тағы бір ирландық Майкл Джон Конланнан басым түсті. Айта кетерлігі, 5 раундтық кездесудің 4 раунды барынша шиеленісті өтті десек артық емес. Алайда, 5-ші раундтың бел ортасында қазақстандық боксшының сол қабағы жарылып, жекпе-жек тоқтатылуынан-ақ қазақстандық бокс жанкүйерлерінің өзегін өкініш өртеген-ді. Бірақ, жекпе-жекті жіті бақылауда ұстаған төрешілер жеңісті Қ.Ералиевтің қанжығасына байлады. Өйткені, 4 раунд бойы Қайрат қарсыласынан ұпай саны есебімен басым түскен еді. Келесі кезекте шаршы алаңға көтерілген 64 келі салмақ санатындағы жерлесіміз Асхат Уәлиханов шаршы алаңда тамаша өнер көрсеткенімен, қарсыласы Винченцо Мангиакапреге есеге жіберді. Ал 75 келі салмақ санатында шаршы алаңда өзін еркін ұстай білген Мейірім Нұрсұлтанов итальяндық Рафаэль Мунноның қарсылық танытуына еш мүмкіндік бермеді. Осылайша, 2:2 есебімен тең түскен Қазақстан-Италия матчының тағдырын қазақстандық Василий Левит пен итальяндық Эндри Спахи шешу тиісті. 91 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан жерлесіміз алғашқы раундтан-ақ қарсыласын ауыр соққылардың астына алып, шаршы алаңдағы тынысын алғашқы 3 минутта-ақ тарылтты десек артық емес. Өйткені, екінші раундта итальяндық одан әрі жекпе-жекті жалғастырудан бас тартқан болатын.

Осылайша, Астананың арландары азулы қарсыластарын осымен 7-ші мәрте жерге қаратып отыр. Ендігі «Астана арландарының» келесі кездесуі Венесуэла төрінде 7-ші наурызда өтпек.