«Астана арландарының» дайындығы жоғары деңгейде - Болат Манкенов

Қазақстандық команданың бас директоры Болат Манкеновтың айтуынша, жарысты орта жолда аяқтағанына қарамастан Азия құрлығында бір топта өнер көрсеткен «Бейжің айдаһарлары» клубының менеджерлері оларға тілекшісі болатынын айтқан. Өзге командалардағы әріптестерміз осындай ыстық ықыласын білдіруде.
«Француздар да Қазақстаннан бұл матчқа жанкүйерлердің арнайы келіп жатқандарын көріп өз таңданыстарын білдіруде. Жалпы біз бір-бірімізге қарсылас болғанымызбен шаршы алаңның сыртында достық қарым-қатынас жасаймыз. Өйкені спорттың ұлты жоқ. Онда нәсіліне, ұлтына, жынысына, діни сеніміне қарамастан барлық адам тең», - дейді Болат Манкенов. Осындайда Пьер де Кубертеннің Олимиада ойындарына қатысушы спортшылардың ұранына айналған «Бастысы - жеңіс емес, қатысу» деген сөзі еріксіз еске түсері анық. Өйткені Халықарлық әуесқой бокс қауымдастығының ұйытқы болуымен 2010 жылдың қараша айында Алматыда бастау алған Бүкіләлемдік бокс сериясы аясындағы жекпе-жекке Азия, Еуропа, Америкадан 12 елдің командасы қатысты. Алайда олардың арасынан ақтық сында бақ сынау мәртебесіне Еуропадан Франция, Азиядан Қазақстан ғана ие болып отыр. Бұл сында «Астана арландары» сапында екі өзбекстандық, ал «Париж юнайтед» сапында алжирлік, грузиялық, ирландиялық және хорватиялық 4 легионерлер өнер көрсететін болады.