«Astana Arlans» боксшылары «China Dragons» командасын айқын басымдықпен жеңді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Astana Arlans» боксшылары WSB жаңа маусымында өз елінде өткен кездесуде «China Dragons» командасын айқын басымдықпен жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырауда өткен айқастың тағдыры үшінші кездесуде шешілді. 64 келіге дейінгі салмақта Ділмұрат Мижитов қарсыласы Лю Янды айқын басымдықпен жеңіп, командасына жеңіс сыйлады. Ол 4-ші раунда қытайлық боксшыны екі мәрте нокдаунға түсірді, алайда қарсыласы есін жиып, кездесуді жалғастыра алды.
Айта кетейік, алғашқы екі кездесуде Теміртас Жүсіпов (49 килограмм) пен Ілияс Сүлейменов (56 килограмм) командаластарына ұпай сыйлаған болатын. 4-ші болып рингке шыққан Сапарбай Айдаров (75 кг) Минганг Жао-ны 3:0 есебімен жеңді (50:45, 50:45, 50:45), сондай-ақ Антон Пинчук (91 кг) та Сергей Новиковты- 3:0 (49:46, 50:45, 50:45) есебімен тізе бүктірді.