«Astana Arlans» боксшылары Ресейдің «Динамо» клубын жеңді

None
None
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Astana Arlans» кәсіпқой боксшылар клубы Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) аясында Ресейдің «Мәскеу Динамо» командасымен кездесу өткізіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Кездесу кеше Астана қаласында «Дәулет» спорт кешенінде өтті.

Бірінші жекпе-жекте 54 кг дейн салмақ дәрежесіндегі Astana Arlans өкілі Рафикжон Сұлтонов пен ресейлік Ануар Юнусов қолғап түйістірді. Алғашқы раундта қазақстандық команданың боксшысы өзінің қарсыласын есеңгіретіп тастады. Алайда А. Юнусов есін тез жиып, матч бойы Сұлтоновқа тегеурінді қарсылық көрсетті. Барлығы 5-ші раундта Юнусовтың тағы да бір рет нокдаунға түсіп қалғаннан кейін шешілді. Қазылар бірауыздан жеңісті Астана өкіліне берді.

61 кг дейінгі салмақ дәрежесінде Astana Arlans боксшысы Мерей Ақшаловқа қарсы Эдуард Хусаинов шаршы алаңға шықты. Кездесудің бірінші раунды Dinamo боксшысының басымдығымен аяқталды. Қалған кезеңдерде Ақшалов матчтағы үстемдікті өзіне бұрып алды. Бірақ 3-раундта Хусаиновтың жарақат алуына байланысты қазылар жекпе-жекті тоқтатты. Astana Arlans боксшысы техникалық нокаутпен жеңіске жетті.


73 кг дейінгі салмақ дәрежесінде өткен үшінші кездесуде жанкүйерлердің сүйіктісіне айналған қазақстандық нокаутшы Қанат Ислам шаршы алаңға шықты. Бұл жекпе-жекте Канаттың келесі жеңісі тойланады деп күтілген болатын. Алайда оның қарсыласы Александр Иванов 5 раунд бойы белсенділік көрсетіп, бұл божамды жоққа шығарды. Ресейлік боксшы Қ. Исламды шамалы ұпай санымен жеңіп кетті.

Келесі кездесуде (85 кг дейін) Astana Arlans клубынан Данияр Үстембаев пен Dinamo командасынан Александр Гвоздик өзара жекпе-жекте кім мықтыны анықтады. Алғашқы екі раундта боксшылардың ұпайы бірдей болды, дегенмен үшінші раундта қазақстандық қатты жарақат алып қалды. Қазылар жеңісті қарсылас клубтың өкіліне берді.

Нәтижесінде матч тағдыры аса ауыр салмақтағы боксшылар арасындағы жекпе-жекте шешілетін болды. Біздің команданың өкілі Руслан Мырсатаевқа мәскеулік Сергей Кальчугин қарсы тұрды. Алғашқы 3 раундта Руслан Мырсатаев өзінің қарсыласына ұтылып келді. Бірақ қазақстандық спортшы матч соңын өз пайдасына қарай ойыстырп алып, үлкен күш пен қайраттылығының арқасында ауыр жекпе-жекті жеңіспен аяқтады. Сол жеңісімен ол Astana Arlans клубына WSB маусымындағы бірінші жеңісін алып берді. Бұның алдында Астана арландары Los Angeles Matadors және Dolce & Gabbana Milano Thunder командаларымен кездесу өткізіп, екеуінде де ұтылып қалған болатын.

Соңғы жаңалықтар
telegram