«Astana Arlans» - «Indian Tigers» айқасы қашан өтетіні анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана арландары» Дүниежүзілік бокс сериясының VIII маусымы аясындағы алғашқы кездесуін 10 ақпан күні өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Astana Arlans» - «Indian Tigers» айқасы қашан өтетіні анықталды

Команданың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, осы маусымдағы арландықтардың алғашқы қарсыласы жобаға бірінші рет қатысып отырған үндістандық «Indian Tigers» командасы болмақ. Кездесу 10 ақпан күні Қарағандыдағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өтеді. Ал одан бір күн бұрын аталған орталықта боксшылардың салмақтары өлшеніп, БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады.

Жаңа маусымда додаға 11 команда қатысады. Командалар құрлықтар бойынша үш топқа бөлінген. Жеребе тарту рәсімі бойынша «Астана арландары» Азия аймағындағы топта Қытайдың «China Dragons», Үндістанның «Indian Tigers» және Ресейдің «Patriot Boxing Team» командаларымен кездеседі.

Ал Америка құрлығы бойынша Куба, Венесуэла, Өзбекстан және Колумбия өзара мықтыны анықтаса, Еуропа құрлығы арасында Хорватия, Франция, Англия  және Италия құрамалары өзара сынға түседі. Соңында әр құрлықтың жеңімпаздары нағыз чемпионды анықтайды.

Естеріңізге сала кетейік, «Астана арландары» - WSB жобасында үш рет жеңсе, төрт рет күміс жүлдегер атанды. Екі рет кубалық боксшылар топ жарса, Франция мен Италия командалары бір-бір реттен жеңіске жетті.

Айта кетейік, кеше ғана Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев «Astana Arlans» кәсіпқой бокс клубының директоры болып тағайындалған болатын.