Astana Arlans-тың қос боксшысы көш бастап келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Astana Arlans клубының қос спортшысы Бүкіләлемдік бокс сериясында көш бастап келеді. Бұл туралы Vesti.kz хабарлайды.
Асхат Уәлиханов (64 келі) пен Сергей Деревянченко (75 келі) WSB-нің биылғы маусымында бірде-бір рет жеңіліс таппаған. Екеуі де 3 кездесу өткізіп, үшеуінде де жеңіске жеткен.
«Арландардың» тағы екі боксшысы өздерінің салмақ дәрежелері бойынша екінші орында келе жатыр. Олар Мардан Берікбаев (49 келі) және Василий Левит (91 келіге дейінгі салмақта). Левит осы маусымда төрт кездесудің барлығында қарсыластарынан басым түскен болса да, кубалық Эрисланди Савоннан қалып келеді.
Айта кетейік, WSB рейтингісінде үздік шыққан боксшыларға Рио-де-Жанейро-2016 Олимпиада ойындарына жолдама беріледі. 1 ақпан күні ресейлік команданы жеңген Astana Arlans өз тобында екінші келеді.