«Астана Арланс» және «Баку Файрс» боксшыларының салмақ өлшеу рәсімі өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әзербайжанның Губин ауданында «Астана Арланс» және «Баку Файрс» командаларының 3 мамырда өтетін шешуші матч алдында баспасөз мәслихаты мен салмақ өлшеу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Бакуден.
Баспасөз мәслихатына WSB супервайзері Абделлах Бессалим, Қазақстан командасының бас менеджері Болат Манкенов, «Астана Арланстың» бас бапкері Сергей Корчинский және «Баку Файрстың» бас бапкері мен бас менеджері қатысты.
Абделлах Бессалим: «Қазақстанда өткен бірінші кездесуде ұйымдастыру жоғары деңгейде болды», деп атап өтті.
Айта кетейік, қажет болған жағдайда қосымша жекпе-жек өтеді. 81 келі салмақта өтетін бұл сынға Теймур Мамедов пен Әділбек Ниязымбетов түседі.
«Егер қосымша жекпе-жек болатын болса мен өз командама жеңіс сыйлау үшін барымды саламын», дейді Әділбек Ниязымбетов.
Естеріңізде болса, Астанада өткен кездесуде жерлестеріміз 3:2 есебімен басым түскен болатын. Шешуші кезеңде әзербайжандық команда 1 ұпай ғана артық алса, онда финалға жолдама соларға бұйырады.