Астана «Артем» сауда үйінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді
АСТАНА. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат - 4 қыркүйекте сағат 10.00-13-00 дейін Сейфуллин көшесі, 47 «Артем» сауда орталығы ғимаратында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан хабарлады.
«Жәрмеңкенің негізгі міндеттері - азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, оларға әлеуметтік қорғау шаралары туралы, сондай-ақ еңбек нарығындағы ахуал жөніндегі ақпараттар ұсыну», - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар, жәрмеңкеде Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары әртүрлі мәселелер бойынша кеңестер береді, қайта оқыту және жаңа мамандық алудың мүмкіндіктері, оқу орындарының түлектеріне жастар тәжірибесінен өту мүмкіндіктері туралы айтылады. Астана қаласы Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың қызметкерлері қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша кеңестер береді, ал Зейнетақы төлеу мемелекеттік орталығы (ЗТМО) зейнетақы мен жәрдемақы алуға құжаттарды жинау тәртібі туралы айтады.