Астана әртістері медициналық мекемелерді аралап, балалардың көңілін көтеруде
Бұл туралы Астана қаласының 16 жылдығына арналған мерекелік шараларды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің медиа-штабынан хабарлады. М.Горький атындағы орыс драма театры, Астана қаласы қуыршақ театры, «Жастар» театры, Астаналық цирк әртістері түрлі-түсті безендірілген автобусқа мініп, медициналық-әлеуметтік мекемелерді аралап жүр. Балалар көңілді көлікпен Шаттық еліне саяхат жасауға шақыратын сұлу перизатпен танысады. Сонан кейін «Всезнайкамен» бірге түрлі сауалдарға жауап іздеп, «Цирковая» бекетінде жонглер мен сиқыршылардың өнерін тамашалауда. Соңынан көк аспанға жұлдыз шарлар жіберіледі. Бұл жұлдыздардың ерекшелігі - оған балалар асыл арман-тілектерін жазады. Әртістер мерекелік шараға қатыса алмайтын сырқаты ауыр балалардың бөлмелеріне арнайы барып сыйлықтарын үлестіретін болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Балаларға күлкі сыйла» жобасы балалардың жүрегіне жылулық сыйлайтын ерекше әсерлі әрі жарқын көрініс болмақ.