Астана аса жайлы әрі шырайлы қала - Токиолық балет бишісі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана аса жайлы әрі жылы шырайлы қала. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында «Астана-Опера» мемлекеттік опера және балет театрының балет әртісі Марико Китамура айтты. Ол бүгінде елордаға Жапонияның Токио қаласынан келіп, жұмыс істеп жатыр.

Астана аса жайлы әрі шырайлы қала - Токиолық балет бишісі

«Мен осында екінші жыл жұмыс істеп жатырмын. Алғаш келген сәттен бастап қала маған қатты ұнады, себебі, мұнда кеңістік көп және ауасы таза. Осыған дейін мен Мәскеуде 5 жыл жұмыс істедім. Астанада өзімді еркін сезінемін және жергілікті халық жылы шырайлы әрі қонақжай»,-дейді М. Китамура.

Осы орайда Қазақстанның елордасы қазіргі заманғы ғимараттарымен, сондай-ақ өзіндік сәулеттік белгісімен ерекшеленетінін атап өтті.

«Осында атақты өнер шеберлері мен әртістердің көптеп шақырылуы мен үшін өте маңызды және олармен бірге жұмыс істеу қызықты. Шығармашылық тұрғыда бұндай жұмыстар өте пайдалы. Кәсіби бағытта өзімді дамытуға жақсы мүмкіндік алдым. Атап айтқанда, осында қалып, жұмысымды жалғастыруды жоққа шығармаймын. Барлық тұрғындарды Астана күнімен құттықтаймын. Әрбір қазақстандықтың отбасына амандық тілеймін!»,-деді балет бишісі.