Астана – Атырау және Астана – Қызылорда: Stadler вагондарының келесі бағыттары белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM - Жыл соңына дейін Қазақстанда Stadler вагондарынан жасақталған пойыздарды тағы екі бағытта іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов айтты.

Stadler вагондары
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжановтың айтуынша, алдағы уақытта Stadler вагондарымен қатынайтын пойыздардың бағыттарын кезең-кезеңімен кеңейту жоспарланып отыр.

пойыз
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

– Қараша айының соңына дейін жаңа вагондар Астана – Атырау бағытына шығуы мүмкін. Ал жыл соңына қарай, шамамен желтоқсанның ортасында пойыздардың жаңа қозғалыс кестесі енгізілген кезде, «Нұрлы жол» вокзалынан Жезқазған арқылы Қызылордаға қатынайтын пойызды да іске қосуды жоспарлап отырмыз, - деді Әнуар Ахметжанов.

Ахметжанов
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Бұдан бөлек, 13 қарашада Stadler вагондарынан жасақталған пойыз «Нұрлы жол – Семей» бағыты бойынша алғашқы сапарына аттанады.

Stadler вагондары
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Жалпы, бүгінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ 100-ден астам Stadler вагонын қабылдаған. Келісімшартқа сәйкес, 2030 жылдың соңына дейін Қазақстанда шығарылған 557 жолаушылар вагоны кезең-кезеңімен жеткізіледі. Олардың қызмет ету мерзімі 40 жылды құрайды. Сондай-ақ келісімшарт аясында вагондарға 20 жыл бойы техникалық қызмет көрсету көзделген.

пойыз
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Айта кетейік, 11 қарашада Қазақстанда шығарылған Stadler вагондарынан жасақталған алғашқы жолаушылар пойызы Астана – Алматы бағытына жолға шыққаны хабарланды.

вокзалы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform