Астана әуежайы 14 маусымнан бастап жұмыс уақытын ұзартады

әуежай
Фото: Астана халықаралық әуежайы

АСТАНА. KAZINFORM — Әуе тасымалдаушыларының сұранысы бойынша әуежайды басқарушы компанияның техникалық мамандарының жобалық тобы аэродромдағы жөндеу жұмысының технологиялық процесін оңтайландырды. 

Жазда маусымдық сұраныстың жоғары болуына байланысты жолаушыларға ыңғайлы болу үшін әуе тасымалына 14 маусымынан бастап әуежайдың жұмыс тәртібі күнделікті техникалық үзіліспен (23:00-ден 00:30–ға дейін) ұзартылады.

Жұмыс кезінде әуежай ұшу-қону жолағының жұмысқа жарамдылығын қамтамасыз етеді, кейіннен ұшу-қону жолағына көшу арқылы әуеайлақ жабынының басқа учаскелерінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Бүгінде әуежайдың негізгі жұмысына кедергі келтірмейтін магистральді жолақта жөндеу жұмысы жүріп жатыр. 

«Әуе тасымалына деген сұранысты қанағаттандыру үшін авиакомпаниялар ішкі рейс кестесін жедел қайта қарап, танымал бағыттарға қосымша рейстерді қамтамасыз етеді. Осыған байланысты жолаушылар авиакомпаниялардың ресми сайты арқылы билеттердің бар-жоғын тексергені жөн» дейді әуежайдың баспасөз қызметі. 

Еске сала кетейік, Астана халықаралық әуежайы 1 мамырдан бері түнгі уақытта жұмыс істемей келген. 

Өйткені ұшу-қону жолағында күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр.  

1 мамырдан бастап жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00–ден 6:00–ге дейін елордалық әуежайдың әуеайлағында ұшақ қабылдау және ұшу тоқтады. 

100-ге жуық түнгі рейс тәуліктің күндізгі уақытына ауыстырылған еді.  

Соңғы жаңалықтар
telegram