Астана әуежайында жаңғырту жұмыстары жүргізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Былтыр Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында жолаушылар ағыны еселеп артқан. Бұл жөнінде Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында мәлімдеді.
– 2025 жылдың қорытындысы бойынша, әуежайдың ішкі Т2 терминалының нақты жүктемесі жылына 6,3 миллион жолаушыға жетті. Ал оның жобалық қуаттылығы небәрі 3 миллион жолаушыға арналған. Бұл әуежай инфрақұрылымын жаңғырту қажеттігін айқындайды. Осыған орай, әуежайды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде Т2 терминалын реконструкциялау жобасын іске асыру көзделіп отыр, – деді ол.
Ұсыныс мәслихат депутаттарының қолдап дауыс беруімен қабылданды.
Айта кетейік, бұған дейін Астана әуежайы рейстер кестесін уақытша өзгертетінін жазғанбыз.