Астана әуежайы ауа райы жағдайына қарамастан ұшақтарды қабылдауға қауқарлы болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әуежайында жаңа терминал іске қосылғаннан кейін жолаушылар ағымын жылына 7 миллионға жеткізуге болады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «ҚТЖ» АҚ филиалы - Көліктік логистикалық даму орталығы» директорының орынбасары Абдур-Рашид Сәкенов мәлім етті.

 Астана әуежайы ауа райы жағдайына қарамастан ұшақтарды қабылдауға қауқарлы болады

Таяуда Астана әуежайында ұшу-қону алаңын қайта жарақтандыру мен жаңа терминал құрылысын жүзеге асыру жоспарланып отырғанынына тоқталған ол: «Бұл жобаның аяқталу мерзімі 2017 жылдың наурызына белгіленіп отыр. 2015 жылы темір құймалардың басты қаңқалары орнатылады. Қазіргі кезде дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жобаның басты мақсаты - әуежайдан өтетін жолаушылардың санын сағатына 750 адамнан 2,500-ге дейін арттыру. Сапарлайтын адамдардың санын жылына 3,5 миллионнан 7 миллионға дейін жеткізу көзделіп отыр», - деді. Сәкеновтың сөзіне қарағанда, бұл жоба іске қосылғаннан кейін 400 адамға жұмыс орны ашылады. Құрылыс кезінде 1 мыңнан астам жұмысшы тартылады. «2016 жылы терминалдың ішкі және сыртқы жұмыстары аяқталады. Одан басқа ұшу-қону алаңы қазіргі заманғы талаптарға сәйкес жоғары стандарттармен салынады. Осы орайда әуежай ауа райы жағдайына қарамастан, ұшақтарды қабылдауға қауқарлы болады», - деп түйіндеді ол.