Астана әуежайы ЕҚЫҰ Саммиті кезінде әуе кемелеріне үздіксіз қызмет көрсетуге дайын-«Астана халықаралық әуежайы» АҚ-ның бірінші вице-президенті Е. Керей

АНА. 5 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазір Астанадағы барлық мемлекеттік және қалалық құрылымдар 1-2 желтоқсан күндері өтетін ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшыларының Саммитіне қызу дайындық үстінде. «Театр киімілгіштен басталатын» болса, алыс-жақын

Астана әуежайы ЕҚЫҰ Саммиті кезінде әуе кемелеріне үздіксіз қызмет көрсетуге дайын-«Астана халықаралық әуежайы» АҚ-ның бірінші вице-президенті Е. Керей

шетелдерден елімізге алғаш келетін лауазымды тұлғалар мен мәртебелі қонақтардың, жалпы шетелдіктердің Қазақ елімен, қысқа мерзімде әлемге танылып үлгергеноның елордасы - Астанамен таныстығы, алғашқы әсерлері әуежайдан басталады. Осы себептен де еліміздің Саммитке дайындық жұмыстары ең алдымен «Астана халықаралық әуежайынан» басталып отыр. Елордамыз жылдан-жылға үлкейіп, көркейіп, өркендеген сайын, онымен бірге әуежайдың да тынысы ашыла түсуде. Шағын қызметтерге қызмет көрсету үшін 1931 жылы негізі қаланған қазіргі Астана әуежайы, арада 80 жылға жуық уақыт өткеннен кейін Еуразия кеңістігіндегі заманауи әуежайлардың біріне айналды. Қазіргі уақытта ол тәулігіне ішкі және халықаралық бағыттардағы 80 рейс қабылдайды. 2009 жылы 1 млн. 309 мың жолаушыға қызмет көрсетті.

Бүгінде әуежай ISO 9001:2000 халықаралық стандартының талабына сәйкес, барлық сапа менеджменті жүйесін енгізуді толығымен аяқтады. Соңғы жетістіктердің бірі - Астана әуежайы көру мүмкіндігі 200 метр және одан да жоғары қашықтықта шектелген жағдайда, ұшақтардың ұшып-қонуын жүзеге асыру мүмкіндігіне қол жеткізді. Бұған дейін еңсеріліп келген меже - 350 метр болатын.

«Астана халықаралық әуежайы» АҚ-ның бірінші вице-президенті Есбол Керейдің айтуынша, қазір әуежайда ЕҚЫҰ Саммитінің сыйлы қонақтары мен ресми делегациялардың ұшақтарына уақытылы, әрі сапалы қызметтер көрсету үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл әуежайдың алдында тұрған жауапты міндет. «Астана әуежайы ЕҚЫҰ Самиті кезінде барлық жұмылдырылған ұйымдармен бірге әуе кемелеріне үздіксіз қызмет көрсетуге әзір», - дейді ол.

Саммттке дайындық жұмыстары шеңберінде бүгінгі күнге дейін бірқатар істің басы қайырылды. Мәселен, әуежайда 22 ұшаққа есептелген жаңа перрон салынды. Себебі, ескі перронның бар-жоғы 31 ұшақты сыйдыру мүмкіндігі болды. Ал келетін борттардың саны одан екі есеге көп. Бірақ жаңа перрон да мәселені түпкілікті шеше алмады, сол себепті Саммит күндері ҚР Қорғаныс министрлігі мен шекара қызметінің тұрақтарын да пайдалану ұйғарылды. Сонымен бірге, алдағы 20 қарашаға дейін әуе кемелердің экипаждары орналастырылатын 1600 орынды қонақ үйдің құрылысы аяқталатын болады. Ал қайта жөндеуден өткен VIP-зал, Е.Керейдің сөзіне қарағанда, жоғары мәртебелі меймандарды қарсы алуға сақадай сай дайын тұр.

Атап өткеніміздей, 1-2 желтоқсан күндері астаналық әуежайға арасына 5-7 минут салып Мемлекет басшылары мен ресми делегациялардың 70 ұшағы қонады. Осы жерде бірден айта кетейік, ауа-райы қолайсыз болып, Астана әуежайына қону мүмкін болмаған жағдайда, ұшақтар резервке қойылған Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларының әуежайларына бағытталатын болады. Бұған дейін елорданың әуе кеңістігі мұндай қысқа аралықта осыншама көп ұшақты қабылдап көрмеген. Сондықтан, мәртебелі қонақтарымыздың ұшақтары Астана аспанында ұзақ қалықтамасы үшін қонған ұшақтарға неғұрлым жылдам қызмет көрсету жайы да тиянақты ойластырылып жатыр. Яғни, бортқа траптарды дереу жеткізу, жолаушыларды кортеждерге жайғастыру және ұшақты тұраққа қою - санаулы минуттардың ішінде жасалуы тиіс. Бірақ онымен бір мезгілде, меймандарымызға асығыстық қимылдарымызды білдірмей, Астана әуежайы үшін бұл үйреншікті жағдай екендігі туралы пікір қалдыруымыз қажет. Осы мақсатта қазір әуежайға жаңадан 113 арнайы техника сатып алынуда. Олардың ішінде автотраптар мен ұшақтарды сүйретуге арналған техникалар бар.

Е.Керейдің айтуынша, бүгінде оның 50-і нысан аумағына жеткізілді, қалған 63-і жолда келе жатыр. Онымен бірге, тағы 23 техника Алматы, Қызылорда, Ақтөбе мен Көкшетау әуежайларынан жалға алынатын болады. «Кейін сатып алынған техникалардың қажетін өзімізде қалдырып, қалғанын өңірлерге сататын боламыз», - дейді ол.

Сондай-ақ, Астана ауа райының ерекшелігі ескеріліп, ұшып-қону алаңдарына мұз бен қардан тазартатын техникалардың да үлкен көлемі жұмылдырылатын болады. Олардың ішінде әуежайдың өз базасындағы техникалары, жасалған келісімдерге сәйкес ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитеті ұсынатын көліктер және шұғыл жағдайлар үшін жоғары дайындық режімінде болатын қалалық қызметтердің техникалары бар.

Әуежай басшылығы Сталинннің: «Кадрлар бәрін шешеді», деген «қанатты сөзін» негізге ала отырып техникалық бөліммен бірге, қызмет көрсетуші персоналдың да жұмысын тыңғылықты ойластырып қойыпты. ЕҚЫҰ Саммиті күндері әуежай ғимаратында тәулігіне 900-ден астам қызметкер жұмыс жасайтын болады, үш күндегі саны - 2700. Сонымен бірге, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Шымкент және Көкшетау әуежайларының білікті кадрлары мен шет тілдерін меңгерген еріктілер де көмекке тартылатын болады.

Сондай-ақ мәлім болғанындай, ЕҚЫҰ Саммитіне келетін Мемлекет басшылары мен оларға еріп жүретін делегацияларды өкпелетіп алмау үшін, оларға Астана әуежайында кедендік бақылау жүргізілмейді. Олар ұшып-қону алаңынан бірден кортеждерге отырғызылып, Саммит өтетін «қызыл аймаққа» жеткізілетін болады. Әуежай басшылығының пайымдауынша, бұл қауіпсіздік ережелеріне қайшы келмейді және оларды бұзған болып саналмайды. «Мемлекеттер басшыларынан басқа шетелдік делегацияларға тексерісті тек қайта ұшардың алдында жүргізетін боламыз», - дейді Е. Керей.

Жалпы Астана әуежайының басшылығы жауапты қызметтермен бірге, Саммит күндері әуе кемелеріне үздіксіз қызмет етуге дайын екендігіне сендірді.

Бірақ осы тұста, Саммит қонақтарының ұшақтарын қарсы алып шығарып салумен әлек болып жатқанда, «Астананың әуе кеңістігіне күнде қатынайтын ішкі және сыртқы рейстерге кім қызмет көрсетеді?», деген сұрақ туындайды. Бұл мәселе де шешіліп қойған. Е.Керейдің сөзіне қарағанда, 1-2 желтоқсан күндері елорда әуежайы ішкі рейстерді қабылдамай, Қарағандыға бағыттайтын болады. Ал халықаралық бағыттар өз кестелеріне сәйкес жұмыс істей береді. Осы екі күнде жолаушылардың ыңғайы үшін Қарағандыдан Астанаға қатынайтын автобустар мен темір жол көліктерінің саны арттырылады.

Осы ретте: «Діттеген жеріне белгілі себептермен алдымен басқа бағыттағы әуе, одан кейін қалталарынан қосымша ақша шығарып, жер транспортымен жүруге мәжбүр болған жолаушылар үшін әуе билеттеріне аздаған болса да жеңілдіктер жасалады ма?»,- деген сауалымызға әуежайдың баспасөз қызметі: «Бағыттың өзгеруіне байланысты тасымалдаушы әуе компаниялар билеттерінің бағасы төмендеу жағына өзгеруі не өзгермеуі компания басшылықтарының шешіміне байланысты», - деген жауап қайырды.

Еске салайық, 2006 жылы Санкт-Петерборда Үлкен сегіздік саммиті өткен кезде, Астананың әуе кеңістігінен үш есе үлкен «Пулково» әуежайы үш күнге жабылған болатын. Халықаралық рейстер Финляндия мен Таллинге, ал ішкі рейстер Кіші-Новгород пен Мәскеуге бағытталды. Бірақ біздің жағдай өзгеше, елорда әуежайы қаладағы жалғыз әуежай болғандықтан, оның жабылмайтындығы түсінікті және ішкі рейстерді жақын маңдағы қалаға ауыстыру жөніндегі шешімді дұрыс деп білеміз. Және бұның барлығы халқымыздың көңіліне де қаяу түсірмейтіндей етіп жасалады және өз кезегінде парасат-пайымы жоғары қазақстандықтар бұған асқан түсіністікпен қарайды деп сенеміз.

Белгілі болғанындай, Астана қаласының әуежайы қалыпты жұмысына желтоқсанның 2-сінен 3-іне қараған түні қайта кіріседі.