Астана әуежайы қауіпті вирустық жұқпалар әкелінген жағдайда шұғыл іс-шараларға дайын

АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат - Кеше Астана Халықаралық әуежайында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау комитетінің (ДСМ МСЭҚК) Көліктегі департаменті

Астана әуежайы қауіпті вирустық жұқпалар әкелінген жағдайда шұғыл іс-шараларға дайын

Пандемиялық тұмаудың алдын алу, эпидемияға қарсы шұғыл шара қолдану жөнінде оқу-жаттығу жұмыстарын өткізді.

Елорданың ресми сайтында хабарланғандай, аталған шараға Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасы, МСЭҚК департаменті, Астана қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы, шекара қызметкерлері және әуежай қызметкерлері қатысты.

«Бүгінде дүниежүзінде норовирустық инфекция таралу үстінде. Ұлыбританияда миллионға жуық адам осы ауруды жұқтырса, Жапонияда көз жұмғандар да бар. Ал әуе көлігінде мұндай жұқпалы ауру түрін жұқтырған жолаушы тіркелсе, онда ол адамды оңаша отырғызып, бетперде кигізу керек», - дейді МСЭҚК Көліктегі департаменті санитарлық-карантиндік пунктінің бастығы Дария Әзімбаева.

Оқу-жаттығу жоспары бойынша: әуе кемесінің командирі бортта қызуы көтеріліп, қалтырап, бас ауруына шағымданған жолаушының барын жеткізеді. Елең еткізген бұл ақпарат әуежай қызметкерлерін, қалалық медициналық мекеме қызметкерлерін аурудың тарап кетпеуінің алдын алуға жұмылдырады. Ал, рейстегі қалған жолаушылардың науқаспен қарым-қатынаста болмағаны және олардың дене қызулары тексеріледі. Ал ұшақ іші толығымен залалсыздандырылады.

Халықаралық Астана әуежайында апта сайын халықаралық рейспен 7800-ге жуық жолаушы тасымалданады. Оның 2 мыңы жұқпалы аурулар кең тараған аймақ саналатын Шығыс Азия елдерінен келеді. Ал мұндай оқу-жаттығу жұмыстары жыл сайын өткізіліп келеді. Бүгінгі өткен тәжірибелік жұмыс медицина мекемелерінің аурудың алдын алуға дайындығын тағы бір дәлелдеді.