Астана әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп тұр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорда әуежайы маңында болған өрт оның қызметіне әсер еткен жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының ақпараты бойынша өрт әуе айлағының қызметіне әсер етпеген. Астана әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп тұр», - делінген комитеттің хабарламасында.
Бұған дейін Астана әуежайы маңында қамыс өртеніп жатқаны туралы хабарлаған едік.
«13 сәуір күні сағат 12:28-де Астана қаласының төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру бөлімшесі халықаралық әуежай жаққа қарай шақырту бойынша жолға шықты. Оқиға орнына жеткен кезде қураған ағаштар мен қамыстың өртеніп жатқаны анықталды. Өрт шарпыған аумақ шамамен 1 гектар болады», - деп мәлім еткен еді Астана қалалық ТЖД баспасөз қызметінен.
Ведомствоның дерегінше, қазіргі уақытта өртті сөндіру жұмыстарына Астана қалалық ТЖД жеке құрамының 14 маманы мен 3 техникасы жұмылдырылған.