Астана әуежайы жаңа терминалының мүмкіндіктері таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әуежайының жаңа терминалы болжам бойынша алдағы 10 жыл бойы жолаушылар ағымына қолайлы жағдайды қамтамасыз етеді. 

Астана әуежайы жаңа терминалының мүмкіндіктері таныстырылды

Бұл туралы бүгін Мәжілісте мемлекет қаржысын мақсатты пайдалануды бақылау бойынша «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы комиссияның отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астана әуежайы жаңа терминалының жалпы ауданы 47 мың шаршы метр. Жолаушылар өткізу қабілеттілігі жылына 8,2 миллионға дейін артады немесе сағатына 2,5 мың адам. Төрт қабаттан тұрады. Алдағы 10 жылда жолаушылар тасымалы бойынша біздің әуежайдың барлық қажеттіліктерін қанағаттандырады»,-деді ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті әуежайлар басқармасының басшысы Амантай Қоқатаев.

Оның айтуынша, жобаның құны 60 млрд. теңгеге бағаланып отыр, оның ішінде 39 млрд. теңгесі Ұлттық қор қаржысына тиесілі. Бұл қаржының барлығы толық көлемде игерілген көрінеді. Қазіргі уақытта терминалдағы құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, жабдықтарды монтаждау жұмыстары атқарылуда.

«Ескі және жаңа терминалдардың арасын қостық. 2017 жылға тағы да 5 млрд. теңге қарастырылған. Мамандардың бағалауы бойынша орындалған жұмыстардың көлемі 75 пайызға жетіп отыр»,-деді басқарма басшысы.