Астана әуежайына 6 миллионыншы жолаушы ұшып келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әуе айлағы өзінің тарихында тұңғыш рет бір жылдың ішінде алты миллион жолаушыға қызмет көрсетті. Бұл – рекорд көрсеткіш, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана әуежайына 6 миллионыншы жолаушы ұшып келді

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына Ақтау қаласынан кезекті рейс ұшып келді.

Аталған рейстің жолаушыларын аэропорт өкілдері салтанатты түрде қарсы алып, лототрон көмегімен жеңімпазды анықтады.

Жолаушының есімі - Танзиля Жолдыбаева. Ақтау қаласының тұрғыны.

Алты миллионыншы жолаушыға Air Astana компаниясы әуежай әкімшілігімен бірлесіп елордадан кез келген халықаралық бағыт бойынша екі билет табыс етті.

Іс-шараға «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Дәулет Хамзин, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев және «Қазақстанның авиация әкімшілігі» АҚ бас директорының орынбасары Салтанат Томпиева қатысты.