Астана әуежайына жақын маңда қамыс өртеніп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өрт сөндірушілер Астана шетіндегі Майбалық көлінің бойындағы өртті сөндіріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана әуежайына жақын маңда қамыс өртеніп жатыр

«Бүгін сағат 13:37 шамасында Астана қаласы Есіл ауданындағы «Нұрсұлтан Назарбаев» Халықаралық әуежайының артында, Майбалық көлінің бойында қамыс өртенді. Өрттің аумағы 3 мың шаршы метрді құрады», - делінген баспасөз хабарламасында.

Тілсіз жау шамамен сағат 16:10-да ауыздықталған. Алайда өрт сөндіру жұмыстары әлі де жалғасуда.

«Оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметінен 15 адам мен 4 арнайы техника жұмыс жасап жатыр. Сонымен қатар, өрт сөндіруде 1 арнайы техника, қайық, 4 адам, «Зеленстрой» ЖШС-нің бір техникасы, «Астана Орманы» ұйымының 6 техникасы (3 ПМ, 2 трактор, 1 УАЗ) тартылды», - деп хабарлады ТЖК-дан.