Астана әуежайында «Құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік» акциясы өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Көліктегі ішкі істер департаментінің қызмет көрсету аумағында «Құқықбұзушылықтар мен тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік» кең ауқымды акциясы өтті. Өткізілген іс-шараға аталған департаментке қарасты барлық желілік ішкі істер бөліністері ат салысты. Айтулы шарадан Астана станциясындағы ішкі істер желілік басқармасы да тыс қалған жоқ, деп хабарлайды Астана әуежайының баспасөз қызметінен.
Акция шеңберінде көлік полицейлері егеменді еліміздің басты қақпасына айналған әуежайда тәртіпсіздіктер мен құқықбұзушылықтардың алдын-алу бойынша бірқатар жұмыстар жүргізді. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары мектеп оқушыларына дәріс оқыды.
Жалпы, жыл басынан бері есеп беру кезеңінде басқарма бойынша 2926 азамат, соның ішінде ұсақ бұзақылық үшін 94 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алдағы уақытта осындай құқықбұзушылықтар мен тәртіпсіздіктерді болдырмау үшін Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері әуе көлік нысанындағы жолаушылар мен «Астана халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының қызметкерлеріне «Құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік» қағидатын насихаттау мақсатында кездесулер ұйымдастырып, дөңгелек үстелдер өткізді.
Еліміздің қазіргі таңдағы басты мақсаты - отыз дамыған елдің қатарына кіру. Ол үшін еліміз қылмыс, құқықбұзушылық пен тәртіпсіздіктен арылу керек. Осы тарапта құқықбұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» принципін әрі қарай ұстануымыз қажет .