Астана әуежайында жеті ұшақтың рейсі кешіктірілуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана әуежайында 7 ұшақтың рейсі кешігіп жатыр, деп хабарлады «Астана» халықаралық әуежайы» АҚ маркетинг және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Людмила Копейчук.
«Астана әуежайында ауа температурасы 12 градусты көрсетуде. Көріну деңгейі - 150 метр, желдің жылдамдығы секундына - 23 метр. Қазір Астана әуежайында 7 ұшақтың рейсі бөгелуде. Ұшып кету бағытындағы 3 рейс кейінге қалдырылса, 4-еуі - ұшып келуі тиіс рейстер. Олар Петропавл мен Семейге ұшатын «Скат» авиакоманиясы мен Екатеринбургке ұшатын «Эйр Астана» авиакомпаниясының рейстері. Үрімшіден келетін «Чайна Саузен Эйрлайнз» авиакомпаниясы, Ақтөбеден келетін «Скаттың», Талдықорғаннан «Жетісу» авиакомпаниясы, Өскеменнен «Эйр Астана» рейстері кешігуде», деп хабарлады Л.Копейчук.
Оның айтуынша, бөгеліс уақыты жарты сағаттан 7 сағатқа дейін созылуда. Талдықорғаннан келетін рейсті жолаушылар сағат 10:10-нан 17:20-ға дейін күтуге мәжбүр. Л.Копейчуктің хабарлауынша, Астана әуежайы штаттық режімде жұмыс жасап жатыр.