Астана әуежайында жолаушылар жүктерін тексеру жүйесінде жаңашылдықтар енгізіледі

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астана әуежайында жолаушылар жүктерін тексеру жүйесінде жаңашылдықтар енгізіледі. Бұл туралы ҚР ІІМ Көліктегі ІІД баспасөз қызметі әуежайдың қауіпсіздік бойынша вице-президенті Марат Шыңғысовқа сілтеме жасап хабарлайды.

Астана әуежайында жолаушылар жүктерін тексеру жүйесінде жаңашылдықтар енгізіледі

М. Шыңғысовтың сөзіне қарағанда, жүктерді тексеру жүйесінде жаңа өзгерістер келеді. Екі кезеңдік бақылау жүйесін заңсыз заттарды өзі анықтай алатын заманауи техника басқаратын болады.

«Аталған техника жақын уақыттарда орнатылады. Ол жүкке тексеру жүргізу мерзімін қысқартады және ең бастысы - оның сапасын әлдеқайда жоғарылатпақ», - деп хабарлайды әуежайдың қауіпсіздік жөніндегі вице-президенті.

Сонымен қатар, 2012 жылдан бастап әуежайда бейнебақылау жүйесі толықтай жетілдірілмек. Әуежай ғимаратында қосымша бейнебақылау камералары орнатылады.

«Жолаушылар жүгінің ұрлығы мен тонау оқиғаларын болдырмау мақсатында басты назар жүк бөліміне қойылады», - дейді ол.