Астана әуежайындағы дүкендер мен дәмханалардың бағасы арзандайды - басқарушы компания
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әуежайындағы дүкендер мен дәмханалардың бағалары төмендетіледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Airport Management Group» ЖШС Бас директорының орынбасары Асқар Мұратбаев айтты.
«2014 жылға дейін біздегі заңнамаларда авиациялық емес коммерциялық қызметтің табысы авиациялық қызмет табысының 5 пайызынан аспауы тиіс деген реттеулер болды. Сондықтан әуежайлар үшін өзінің аумағындағы дүкендер мен дәмханаларды дамытудың ешбір қажеті болмады, өйткені оларға монополияға қарсы органдардың тарапынан үнемі айыппұлдар салынып отырды», - деп түсіндірді ол журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде.
Оның айтуынша, қазір әуежай аумағындағы барлық экономикалық қызмет көрсету саласының қатысушыларына қойылған ортақ талаптар бойынша бағаларды түсіруге мүмкіндік туып отыр.
«Біз бұдан былай әуежай аумағындағы барлық қызмет көрсету нарығының қатысушыларына бірдей талаптар қоя аламыз. Сондықтан баға туралы мәселе біздің басты назарымызда. Биылғы жылдың бірінші жартысына дейін Астана әуежайындағы бағалар толық реттеледі. Бұл шаралар жолаушыларға тікелей қызмет көрсететін барлық қатысушыларға жасалады», - дейді ол.