Астана әуежайының маңындағы апаттан қаза тапқан ұшқыштардың отбасына өтемақы төленеді - ҚР Қорғаныс министрлігі
АСТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат - Қорғаныс министрлігі 22 тамызда Астана әуежайының маңында орын алған әуе апатынан қаза тапқан ұшқыштардың отбасына өтемақы төлейді.
Аталған ведомство баспасөз қызметінің мәдіметінше, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әскери қызметшілер әскери қызметін өтеу кезінде қайтыс болған жағдайда олардың мұрагеріне соңғы атқарған лауазымының бес жылдық ақшалай қамту мөлшеріндегі өтемақы төленеді.
Қаза тапқан әскери ұшқыштардың әрқайсысының отбасыларына берілетін өтемақының мөлшері орта есеппен 8-9 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ, әскери ведомство марқұмдардың жерлеу рәсімдеріне кететін барлық шығындарды толықтай өтейтін болады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 22 тамызда таңғы сағат 8-дер шамасында Астана әуежайының маңында оқу-жаттығу ұшуларын орындау кезінде Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Ми-17 тікұшағы апатқа ұшырады. Салдарынан төрт адамнан тұратын экипаж қаза тапты.