Астана әуежайының президенті қала әкімінің сын ескертпесінен кейінгі атқарылған жұмыстарды баяндады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласы әкімі Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті. Онда қалалық коммуналдық қызметтердің жұмыстары қаралып, кәсіпкерлерді қолдаудың нақты шаралары талқыланды, деп хабарлады astana.gov.kz.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай Наурыз мейрамы мен Бірлік күнін мерекелеуді ұйымдастыруды қазірден бастап қолға алу керек. Бұдан басқа, Астананың инвестициялық тартымдылығын арттыру, шағын және орта бизнесті тиімді қолдау бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет, - деді Әділбек Жақсыбеков. Бұған дейін өткен аппарат кеңестерінің бірінде елорда әкімі қалалық әуежайдың жұмысын сынға алған болатын. Ә. Жақсыбековтің атап өтуінше, төлқұжат және кеден қызметтерінің жұмысы қанағаттанарлықсыз, тарифтер жоғары және қызмет көрсету сапасы төмен. Бұл жолаушылар тарапынан көптеген наразылықтар тудырады. Осы орайда бүгін Астананың халықаралық әуежайының президенті Қайрат Жауханов орындалған жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, кедендік бақылаусыз келетін жолаушыларға «жасыл аймақ» арқылы өту қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта қалалық әуежайдың жұмысына халықаралық деңгейдегі сапа стандарттары енгізілетін болады. Негізінен, қызмет көрсету саласына басымдық берілмек, жолаушылар терминалын қайта құру жоспарланған. Мұнымен қоса, жолаушыларға қызмет көрсету сервисі өзгертіледі, әуежай аумағында жұмыс істейтін кәсіпорындарға әлдеқайда қатаң талаптар қойылатын болады.