Астана аумағын ластағандар 14 млн теңге төледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері елорда аумағында бей-берекет қоқыс үйінділерін болдырмау үшін үнемі шаралар жүргізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Астана аумағын ластағандар 14 млн теңге төледі

Осы мақсатта заңсыз күресінге айналу қаупі бар орындарда тексеру жұмыстары жүргізіледі. Тұрақты негізде халық арасында әкімшілік заңнаманы бұзу жауапкершілігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

Осылайша, Астана ІІД  Жергілікті полиция қызметінің Табиғатты қорғау полициясы Астанадағы Ұлытау көшесін ластаған «КамАЗ» автокөлігінің жүргізушісін ұстады. Абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін оған 10 АЕК (24 050 теңге) айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындалды.

«Ал 59 жастағы «Howo» маркалы автокөліктің жүргізушісі Тұран көшесінде белгіленбеген жерде бетон қалдықтарын төккені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 505-бабы  «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу...» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 20 АЕК (48 100 теңге) айыппұл салынды», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, жыл басынан бері Астана ІІД Жергілікті полиция қызметі табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері абаттандыру ережесін бұзған 558 жүргізушіні анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Салынған айыппұлдың  жалпы сомасы 14 млн 600 мың теңгеден асады.