Астана ауруханаларынан дәрігерлер жекеменшік мекемелерге кетіп жатыр
Соның салдарынан қалалық денсаулық сақтау жүйесінде кадр тапшылығы өзекті проблемаға айналып отыр. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Денсаулық сақтау министрінің атына сауал жолдаған депутат Надежда Петухова осы мәселені көтерді.
Депутаттың айтуынша, ағымдағы жылдың 9 айында денсаулық сақтау басқармасына қарасты медицина ұйымдарынан 1292 медқызметкер кеткен. Оның 550-і - дәрігер. Аталған көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғандай айтарлықтай көп.
«Кадрлардың қалалық мекемелерден кетуінің басты себебі жұмыс жүктемесінің жоғарылығына, шұғыл тәртіппен атқарылатынына қарамастан, оған төленетін жалақының төмендігі болып отыр. Жалақының аздығы стационардағы медициналық қызметтерді өтеудің объективті емес тарифтерінің салдарынан қалыптасып отыр. Бұдан бөлек, қаржы үнемделмегендіктен персоналдың еңбегін қосымша төлемдермен ынталандыру мүмкіндігі де қарастырылмаған. Яғни сараланған төлем жасап, республикалық мекемелер мен жекеменшік ұйымдардағы жалақыға тең келетін жалақы белгілеуге мүмкіндік болмай отыр», - дейді депутат.
Сонымен қатар, ол Үкіметтің елордада жоғары техзнологиялармен жабдықталған жаңа емханалар салуға қажетті қаражаттар бөліп отырғанын, алайда медицина мамандарының жоқтығы медицина қызметінің сапасын төмендететінін атап өтті. «Қалалық денсаулық сақтау жүйесіндегі кадрлық тапшылық медицина білімнің жаңа жүйесіне өту кезеңінде өршуі әбден мүмкін. Биыл ескі жүйе бойынша интерн-дәрігерлер соңғы рет шығарылатынын ескерсек, жаңа мамандар 3-5 жылдан кейін ғана қатарға қосылады», - деді Н. Петухова.