Астана автобустарында адамның бет-әлпетін танитын технологиялар енгізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Сергек» жүйесі Астанадағы қылмыстылықты төмендетуге ықпал етті. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясында өткен дөңгелек үстел отырысында «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Серік Құсайынов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2017 жылдың қыркүйегінен Астана жолдарында «Сергек» бейне бақылау камералары іске қосылып, өзінің тиімділігін дәлелдеді. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда, шаһар көшелерінде жол-көлік оқиғалары мен қылмыстар саны айтарлықтай төмендеп, жүргізушілердің ереже талаптарын сақтауы жоғарылады», - деп тоқталды компания өкілі.
Бұдан бөлек ол адамның бет-әлпетін танитын жүйенің жұмысына да тоқталып өтті.
«Біздің компания қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін автобустарда, вокзалдарда, үйдің кіреберістерінде адамның бет-әлпетін танитын технологияны енгізу бойынша жұмыс істеуде. Қанатқақты жоба ретінде Астана әкімдігінде осы жүйе орнатылды»,- деп нақтылады С. Құсайынов.
Оның айтуынша, былтырмен салыстырғанда «Сергек» камерасын орнату орта есеппен алғанда қылмыс санын 30 пайызға төмендеткен. Мысалы, 2017 жылдың алғашқы екі айында 6 391 қылмыс жасалса, ал биыл 4 384 заңсыз әрекет тіркелді.
«Сонымен қатар аталған фото-бейнетіркеу жүйесі арқылы 523 қылмыстың беті ашылды. Олардың арасында кісі өлтіруге қатысты оқиғалар, қарақшылық, ұрлық және басқа да қылмыстар бар. Жалпы, камералар осыған дейін бейне бақылау жүйесі болмаған жерлерде орнатылып жатыр»,- деді Серік Құсайынов.
Фото: alrt.kz