Астана автобустарында арнайы акция өткізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық қоғамдық көлік иелері тасымалдау сапасын арттыру және кондукторлардың жұмысын бақылау мақсатында арнайы акция ұйымдастырмақ.
Атап айтқанда, барлық қалалық жолаушылар автобустарына «Кондуктор билет бермеді ме? Онда тегін жол жүресің» деп жазылған плакаттар ілінеді. Акция кондуктор билет бермеген жағдайда жолаушыға тегін жол жүруге болатынын жеткізеді. Яғни, бұл жағдайда бақылау-желілік қызмет тарапынан тексерістер жүргізілсе, жауапкершілік тек кондукторға жүктелмек. Шара жеке басының пайдасын көздеген кондукторлардың жолын кесіп, жалпы жолаушылардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді, деп үміттенеді тасымалдаушылар. Кондукторлардың міндеттерін адал орындауы, жолақы құнын алған соң билет бермеу жағдайларын болдырмауы аса маңызды. Себебі, мұндай әрекет автопарктердің бюджетіне кері әсерін тигізеді. Соның салдарынан кірістің төмендеуі, салық салу базасының азаюы және т.б. мәселелер туындайды. Аталмыш шара осы мәселені оңынан шешу үшін қолға алынып отыр, деп хабарланған елорда әкімдігінің ресми сайтында.