Астана автобустарында кондуктор болмайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шілде айының соңына дейін елорданың қоғамдық көліктерінде сараланған тариф енгізілетін болады. Бұл туралы бүгін Астананың Қоғамдық кеңесінен кейін «Астана LRT» ЖШС-нің басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Астана автобустарында кондуктор болмайды

«Жаңа жүйе енгізілгеннен кейін кондукторларды автоматты түрде алып  тастау жоспарланған. Дегенмен, бұған дейін кондукторларды одан ары жұмысқа орналастыру мәселесі айтылған болатын. Желіде бірінші жыл жұмыс істеп жүрмеген кәсіби мамандар автобус паркінің бақылау желісіне немесе көліктік бақылау қызметіне жұмысқа орналастырылады», - деді ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, елорданың автобус парктерінде мыңнан астам кондуктор жұмыс істейді.

«Ал сараланған тарифті шілде айының соңына дейін міндетті түрде енгіземіз де жылдың соңына дейін сараланған тарифке сараптама жүргіземіз. Яғни, сараланған тариф бізге жолаушылар ағынына толық әрі түсінікті сараптама жүргізуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Айта кетейік, сараланған тариф енгізілген кезде қоғамдық көлікте жол жүру құны көлік картасымен төлеу кезінде 90 теңгені құрайды. Ал қоғамдық көлікті жиі пайдаланбайтын немесе карта алуды қажет деп есептемейтіндер үшін жол жүру құны 180 теңге болады.