Астана автобустарында тегін жүре алатын азаматтардың санаты кеңейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаңтар айынан бастап Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын, қалалық жолаушылар көлігінде жол ақысын төлеуден босатылған азаматтар санатының тізімі кеңейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
City Transportation Systems мәліметінше, енді Астана қаласы мәслихатының 2017 жылғы 20 шілдедегі № 167/21-VI шешімінің 2-тарауының 5-тармағына сәйкес, әлеуметтік жеңілдігі бар азаматтар санаты мынадай:
- Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар;
- жасы және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер, сондай-ақ жасы бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша зейнеткерлік жасқа толған мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар;
- көпбалалы аналар;
- көпбалалы отбасылар;
- мүгедектер;
- он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар, оның ішінде ата-аналарының (заңды өкілдерінің) бірі.
- «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңда белгіленген тәртіппен ақталған, 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысушылар қатарынан саяси қуғын-сүргін құрбандары.
Жеңілдікті көлік картасын орталық кассада (Р. Қошқарбаев даңғылы, 50/1) ресімдеуге немесе cts.gov.kz сайтында онлайн өтінім беруге болады.
Жеңілдікті картаны ресімдеу алдында 109 нөмірі бойынша iKomek бірыңғай байланыс орталығына хабарласқан жөн.