Астана автобустарында жарнама беруге болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана LRT автобустарда жарнама беру қызметін қосты. Бұл туралы Астана LRT Басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы комиссиясының отырысы кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана автобустарында жарнама беруге болады

«Елордалық автобус борттарында жарнама ілінеді. Бұл қосымша табыс көзі, жарнама түсімі барлық табыстың жобамен 5\1 құрайтын болады  және ол қоғамдық көліктің бағасына еш әсерін тигізбейді», -деді Бекмырза Игенбердинов.

«Біз соңғы уақытта тасымалдаушылар өз қызметтері арқылы мүмкіндігінше көбірек табыс табуы үшін билетсіз табыс бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сол арқылы тасымалдаудан түсетін кірісті 15-20% ұлғайтуды көздеп отырмыз. Әрине, әзірге бұл аз көрсеткіш, біз бастапқы сатысындамыз. Жылдың соңына қарай істелінген жұмыс нәтижесі бойынша талдау жасаймыз. Бүгінде жарнама қызметін әртүрлі уақытқа алуда, біреулер бір аптаға, кейбіреулер бір айға», -деді Басқарма басшысы.

Баға көрсеткішіне сәйкес жарнама ілуге атаулы бес автобусқа дейін алуға болады.

Сонымен қатар, Б.Игенбердинов жаңа сараланған (дифференциалды) тарифті енгізу арқылы көлеңкелі айналымнан 15% табысты алып шыққанын айтты.

«Біз қоғамдық көліктің жағдайы мен оның қызмет көрсету сапасы туралы ай сайын есеп беріп отырамыз. Бүгінде қала бойынша жолаушылардың 90%  көлік картасын пайдаланады. Бұл жақсы көрсеткіш. Жақын уақытта бұл көрсеткішті 95-98% өсіру жоспары тұр. Сонда бізге тасымалдаушылардың нақты табыс көлемін білу мүмкіндігі туады.  Сол арқылы қоғамдық көлік бағасына қатысты талдау жасап, одан әрі не істеу керектігін анықтайтын боламыз», -деді ол.