Астана автобустарында жол ақысы 9 жылдан бері өзгерген жоқ – депутат

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қалалық мәслихатының төрағасы Ерлан Қаналимов қоғамдық көлікте жүру ақысын көтеру туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл соңына дейін қоғамдық көлікте жол жүру құнын қымбаттатуды қарастырмаймыз. Мүмкін келесі жылы қаралатын шығар. Мұнда 90 теңге жол жүру құнын 9 жыл бойы сақтап келе жатқанымызды түсінулеріңіз керек. Осы жылдары жанар-жағармай, бөлшектер, жабдықтар қымбаттағанына қарамастан қоғамдық көлікте жол жүру құны өзгерген жоқ. Дегенмен әзірге бұл мәселені қарастырмаймыз», - деді Ерлан Қаналимов елордалық коммуникация қызметінде өткен брифингте.

Сонымен бірге, депутат келесі жылы жол жүру ақысы қымбаттауы мүмкін екенін айтты.

«Нарықтық жағдайды, нарық конъюнктурасын, осы саланың жай-күйін ескере отырып, мұны келесі жылдың басында қарастыратын шығармыз, бірақ әзірге жол жүру құнын арттыру туралы әңгіме жоқ», - деді спикер.

Айта кетейік, Алматыда қоғамдық көлікте жол жүру құны 20 теңгеге өсті.

«Оңай» картасымен немесе QR-код арқылы төлем жасағанда жол жүру ақысы 100 теңге, ал қолма-қол төлемде – 150-ден 200 теңгеге дейін көтеріледі.


Соңғы жаңалықтар