12:17, 20 Маусым 2016 | GMT +5
Астана айналасындағы орман Бурабай ұлттық паркінің көлемімен теңесті - Президент
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астананың жасыл аймағын аралаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жасыл белдеудегі орман Бурабай ұлттық паркінің көлемімен бірдей болғанын мәлім етті.

«Орман өсіру оңай емес. Ағашты балаша күтіп, суарып тұру керек. Әсіресе, орман еккен алғашқы жылдар ауыр тиеді. 1997-1998 жылдары салған орман қазір өзі көбейіп, өзі қанат жайып жатыр»,-деді Мемлекет басшысы.
Н.Назарбаев атап өткендей, жасыл аймақ қызметкерлері жыл сайын бес мың гектар жерге тал егіп, оны күтіп, осындай орманға айналдырып келеді. Он сегіз жыл ішінде жасыл белдеудің көлемі табиғи орманы самсаған Бурабай ұлттық паркінің көлемімен теңескен екен.
«73 мың гектар орман ектік. Бұл Бурабай ұлттық паркінің көлемімен бірдей жер», - деді Н.Назарбаев.