Астана Азияның туризм қаласы мәртебесін алу үшін бақ сынамақ
АТЫРАУ. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Болашақта Астана барша әлемнің туристеріне арналған Азияның бас қаласына айналуы мүмкін. Қазақстандық тарап жақын арада елордамыздың Азияның туризм қаласы мәртебесін алуы үшін барлық шараны қолға алмақ. Бұл туралы astana.kz сайтына ҚР ИЖТМ Туризм индустриясы комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Азияның туризм қаласы» мәртебесін бекіту туралы шешім Азия диалогы жөніндегі 12-ші министрлер кездесуде қабылданды, оған ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Марат Иғалиев қатысты.
Кездесу барысында «Азиялық туризмді дамыту тұжырымдамасы» қабылданды. Тұжырымдаманың басты тармағы туристерге арналған Азиядағы бас қаланы таңдау болып табылады.
«Азияның туризм қаласы» мәртебесі бір елге бір жылға ғана беріледі. Азиядағы 30-дан астам мемлекет таңдалған қаланы көпшілікке танытып, белсенді түрде жарнамалайтын болады. Айта кетейік, 2014 жылы Бахрейн королдігінің астанасы Манама қаласы Азияның туризм қаласы болып танылған еді.