«Астана Балет» театры Брюссельде Ұлы Дала мұраларын көрсетті
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - «Астана Балет» театрының әртістері кәсіби шеберлігімен, шынайылығымен бельгиялық өнерсүйер қауымның жүрегін жаулап алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.
11 қарашада «Астана Балет» театрының шығармашылық труппасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында алғаш рет Бельгияның BOZAR өнер орталығының сахнасында туындыларын ұсынды. Классикалық спектакльмен қатар қазақ ұлттық билерін де қамтитын «Ұлы Дала мұралары» бағдарламасына көрермендер ерекше қошемет көрсетті.
«Заманауи бағыттан бөлек, ұлттық хореографияның үзінділерін де енгіздік, өйткені төл өнерімізді, ұлттық киімдеріміз бен билерімізді әлемге танытқымыз келеді», - дейді «Астана Балет» театрының директоры Валерий Күзембаев.
Балет репертуарында «Махаббат Айырылу Қорқыныш» (Love Fear Loss), «Маздаған от» (A fuego lento), «Клеопатра» сияқты бірактілі балеттер болды. Ал ұлы ақын Абай поэзиясының маржанына өрілген «Махаббат тілі» және түркі эпосына құрылған «Әлем» балеттері, қазақ халық композиторы Құрманғазының «Балбырауын» күйіне құрылған миниатюра, атақты композитор Дина Нұрпейісованың музыкасына құрылған «Әсем қоңыр» миниатюрасы, сондай-ақ «Ақ қыз», «Қуанамын» билері бельгиялықтарды ерекше тәнті етті.
«Бүгін өмірімдегі ең ғажап балетті көрдім. Тамаша орындау техникасы, төл хореографияның сапасы мені баурап алды. Болашақта міндетті түрде осы балеттің отанына барамын деп көкейіме түйіп қойдым», - дейді Бельгия хореография мектептерінің бірінің мұғалімі Франсуаза Маготу.
Бағдарламаның соңында зал орнынан тұрып зор қошемет көрсетті.