«Астана Балет» театры жаңа ғимаратқа ие болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Балет» театры орналасқан жаңа ғимарат ішкі жабдығы мен техникалық шешімі жағынан әлемнің үздік үлгілеріне сәйкес келеді. Жаңа сахнадағы алғашқы спектакльдер 2016 жылғы 10-11 желтоқсанда өтеді.
None
None

Театрдың жалпы көлемі 15,4 мың шаршы метр.  Ғимараттың өзі де, оның интерьері де заманауи стильде безендірілген.  

Көрермен залында 783 орын бар (609 орындық партер, 104 орындық балконның 2 ярусы, 70 орындық балконның 3 ярусы). Залды безендіргенде байсалды, асыл реңк қолданылған: алтын -қоңыр түсті шымылдық, креслолар  шафранмен қапталған, еден қоңыр түсті. Көрермендерге ыңғайлы болу үшін екі буфет ашылған әрі фойесі кең. Театрға келген сайын, көрермен қауым ұмытылмас оқиғаларға қанық болып, адамзат өнерінің жоғарғы үлгісі - хореографиядан нәр алып, нағыз мерекелік көңіл-күйге бөленеді.

Сахнаның ауданы 536 шаршы метр.  Сахна төрт көтеріп-түсіру планшеті мен төрт әртістік көтергішпен жабдықталған. Оркестр үңгірі 50-60 музыкантқа ыңғайланған. «Астана Балет» театрының сахнасында сценографиясы күрделі спектакльдер қоюға болады. «Астана Балет» театры сахнасының мүмкіндіктері режиссерлер мен сценографтардың бірегей идеяларын жүзеге асыруына жол ашады.  Жарық беру кешенінде дәстүрлі театр қондырғылары және жүйелерімен қатар, осы саладағы соңғы инновациялық жаңалықтар қолданылған. 600-800 жарық жабдықтары орнатылып, соның арқасында көркем жарықты жоғары сапада жасау мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, арнайы техника бейнепроекцияның бар мүмкіндіктерін қолдануға мүмкіндік береді. Сахнаның техникалық мүмкіндіктері театрдың көркемдік-қоюшылық артықшылықтарын арттырып, түрлі жанр мен стильдегі спектакльдердің қойылымын жүзеге асыруға мұрша береді. Жаңа театрдың осы ерекшеліктері көрермен қауымның да, режиссерлердің де назарын өзіне аударары сөзсіз.

Жаңа ғимарат кез-келген театр ұжымын қабылдай алады: балет, опера, драма.   Осы күні бұл - Қазақстанның техникалық тұрғыдан жоғары сапалы жабдықталған әмбебап театры. Сахнаның параметрлері мен мүмкіндіктері жаңа театрда түрлі мәдени шаралар мен шығармашылық кештерді, симфониялық және эстрадалық оркестрлердің концерттерін, түрлі арнайы әсерлер қолданылатын заманауи шоу мен мюзиклдерді мінсіз өткізуге мұрша береді. Соңғы жылдары Астанадағы театрсүйер аудитория ұлғайып келеді. «Астана Балет» театрының жаңа ғимараты елордасының мәдени өмірін одан әрі жаңғыртып, тартымды әрі қызықты ете түсері айқын.

Жаңа театрдың ашылуы өнерге деген мемлекеттік қолдау мен қамқорлықтың белгісі. Елордасында жаңа театрдың ашылуы тұрғындардың өмірінің әлеуетін өсіріп, Астананың имиджін асырып, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсетіні даусыз. Осы күні Астанада жоғары сапалы шығармашылық туындыларды шығаруға мүмкіндік ашылды. Жаңа театр жас режиссерлер, сценографтар мен әртістердің сахнадағы шығармашылық ізденістерін жүзеге асыруға жол ашады.

«Астана Балет» театры «Қазақ Ұлттық хореография академиясының» жанында орналасқан.

Соңғы жаңалықтар