«Астана балет» театрының ұжымына классикадан жеткілікті дәрежеде сабақ алу қажет - РФ халық әртісі А. Асылмұратова

АСТАНА. ҚазАқпарат «Астана балет» театрының ұжымы жас, сондықтан оларға көп дайындықпен қатар, классикадан жеткілікті дәрежеде сабақ алу қажет.

«Астана  балет»  театрының ұжымына классикадан жеткілікті дәрежеде сабақ алу қажет - РФ халық әртісі А. Асылмұратова

Мұндай пікірді бүгін «Астана балет» театрының «Ғасырдан ғасырға» атты балет кешінің ашық дайындығы барысында атақты балерина, Ресей Федерациясының халық әртісі Алтынай Асылмұратова білдірді.

«Әрине, біздің көрермен қауымға ұсынайын деп отырған балет кешіміздің бағдарламасы өте күрделі, әсіресе "Астана балет" сияқты жас ұжымға тіптен ауыр соғары түсінікті. Өйткені біз бұл кешке әлемдік хореография жауһарларынан құрастырылған туындыларды кірістіріп отырмыз. Яғни бұл хореографияның үш ғасырын қамтитын екі бөлімді балет болады. Оның бағдарламасын "Корсар" балетінен "Жаңғырған бақ" көрінісі және Михаил Фокин мен Анна Павлова қойған хореографиялық миниатюралар құрайды», - деп түсіндірді маман.

Оның айтуынша, бұл қойылым көрермендерге шексіз әсер сыйлап қана қоймай, "Астана балет" театрының ұжымына да үлкен мектеп болмақ.

"Маған бұл ұжыммен жұмыс істеу өте ұнады. Қыздар жап-жас бола тұра еңбекқор, жетістікке жетуге ұмтылады. Дегенмен олардың классикалық репертуарлар бойынша жұмыс істеу тәжірибелері әлі де болса жетіспейді. Сондықтан бұл жағдайда тек жаттығулар ғана емес, сонымен қатар сабақтар өткізу де өте маңызды", - деп атап өтті А. Асылмұратова.

Айта кетейік, аталған балет кеші 28 қаңтарда Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. Кешті ұйымдастыруға Санкт-Петербордан белгілі педагог-хореографтар Алтынай Асылмұратова мен Елена Шерстнёва арнайы шақырылған болатын.