Астана Балетте «Леонид Ильич Брежневке қарсы Жарқанат адам» сахналанады
Гастроль аясында «Астана Балет» театрының сахнасында режиссер Саша Денисованың «Леонид Ильич Брежневке қарсы Жарқанат адам» спектаклі көрсетіледі.
«Нұр-Сұлтанға келгенімізге өте қуаныштымыз. Бұл біздің алғашқы халықаралық сапарымыз. Күрделі кезеңде де гастроль өткізіп жатырмыз. Спектакльді ұйымдастырушылар және біздің театрлар Нұр-Сұлтан көрермендерін қуантуға күш-қуат пен мүмкіндік тапты. Театр үшін ең маңызды нәрсе – актерлер мен көрермендер арасындағы байланыс. Онсыз театр өледі. Біз өзіміздің соңғы премьераларымыздың бірі – «Леонид Ильич Брежневке қарсы Жарқанат адам» спектаклін әкелдік. Бұл спектакль алты ай бұрын жарық көрді, ол сыншылар мен көрермендердің оң бағасын алған. Енді нұрсұлтандық көрермендердің де көңілінен шығады деп үміттенеміз», - деді театрдың режиссері әрі көркемдік жетекшісі Константин Богомолов «Астана Балетте» өткен баспасөз мәслихатында.
Спектакль сюжеті Жарқанат адам КСРО-да тоқырау кезеңінде өмір сүрген кеңес азаматы болса, не істер еді деген тақырыптағы фантазияға құрылған. Комикс кейіпкері КСРО-да тұратын қарапайым жазушы Дудочкиннің есімін жамылған. Сырт көзге сылбыр көрінетін ол миллиондаған кеңес азаматының бірі. Ымырт үйіріле Толя Дудочкин қара қанатын жайып, өзі жетілдірген «Жигули» көлігіне мініп, тоқыраудағы Готэм-Град қаласының залымдарын жазалайды. Клеш-джинсы киген кейіпкер – қарапайым кеңес азаматтарының қорғаны. Оқиға барысында ол өзінің ғашығын жолықтырады.
«Спектакльдің өзі бір жағынан ирониямен, лиризммен үйлеседі. Бұл қойылым кейіпкерлері 70-жылдардың аяғы мен 80-жылдардың басындағы заманды көрсетеді. Бұл адамдар, отбасы, сезім, қарым-қатынас туралы қойылым», - дейді К. Богомолов.
«Бұл біздің алғашқы халықаралық турымыз. Театр соңғы екі аптада Ресейдің Омбы қаласына гастрольдік сапармен барды. Бізді Нұр-Сұлтан жылы қарсы алып жатыр. Гастроль әлі де жалғасады және бұл ұзақмерзімді ынтымақтастық болады деп үміттенемін», - Кіші Броннаядағы театрдың директоры Елена Мироненко.
Айта кетейік, Кіші Броннаядағы Театр – 1945 жылдың наурызында негізі қаланған Мәскеу драма театры. Тұңғыш жетекшісі және режиссері Сергей Майоров болған. Броннаядағы Театрдың 74-ші маусымының шымылдығын жаңа көркемдік жетекші – режиссер Константин Богомолов ашты. Ол осы лауазымына 2019 жылдың маусымында тағайындалған еді. Қазіргі кезде театр жас дарынды режиссерлерді шығармашылық ынтымақтастық құруға шақырып, түрлі тың спектакльдер мен жобалар жүзеге асырылуда.