«Астана банкі» бойынша шағымдар қаңтарда қаралады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 27 желтоқсан күні Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың «Астана Банкі» АҚ-ны мәжбүрлі түрде тарату туралы шешімі алты заңды тұлға және үш жеке тұлғадан сотқа апелляциялық шағымдардың түсуіне байланысты күшіне енбегені белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның депозиттерді кепілдеу қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы қалалық сотының ресми хатындағы ақпаратқа қарағанда, апелляциялық шағымдар 2019 жылғы 9 қаңтар күні сағат 10:30-да қаралады.

Қазақстанның депозиттерді кепілдеу қоры «Астана Банкі» АҚ салымшыларын тек ресми ақпаратты басшылыққа алып, азаматтық істің соттағы қаралуының нәтижелерін күтуге шақырады. Қор салымшыларды сот талқылауының барысы және нәтижелері туралы ресми расталған ақпараттарды www.kdif.kz сайтында және БАҚ-та жариялап отырады.

«Астана банкі» салымшыларға жалпы 37 миллиард теңге төлеуі тиіс, Жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің «Астана Банкі» АҚ-да ашылған депозиттік шоттарының 99,9 пайызы толық көлемде төленетініне кепілдік беріледі.

«Астана Банк» АҚ-ның әрбір салымшысының депозитінің төленуіне кепілдік беріледі, өйткені ол Қордың арнаулы резервінен іске асырылады. Ал Қордың арнаулы резерві үнемі банктердің жарналары есебінен толықтырылып отырады, қазір арнаулы резервте 773,7 миллиард теңге қаражат бар. Салымшылардың салған қаражаттарының төленуі банк активтерінің бұдан кейінгі тағдырына байланысты емес.

Салымшылар ҚДКҚ call-орталығына қысқа 1460 нөмірі арқылы хабарласуына болады, сондай-ақ Қордың ресми-сайтына сауал жолдап, Телеграмдағы @kdif_ask чатына жүгіне алады.

Салымның сыйақысы, салым сомасының расталуы секілді сұрақтар бойынша «Астана банкі» АҚ салымшылары банктің әкімшілігіне +7 (727) 259 60 60 нөмірі арқылы хабарласуына болады.

«Астана Банкі» АҚ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2018 жылғы 18 қыркүйектегі шешімімен барлық түрдегі банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған болатын. 26 қараша күні Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Астана Банкі» АҚ-ны мәжбүрлі түрде жою туралы шешім шығарды.

27 желтоқсан күні Алматы қалалық соты жоғарыдағы сот шешімінің заңды күшіне енбегенін мәлімдеді. Оған мамандандырылған соттың 26 қарашадағы шешіміне алты заңды тұлғадан және үш жеке тұлғадан апелляциялық шағымдар түскен.

Қазақстанның депозиттерді кепілдеу қоры ҚР Ұлттық Банкінің 1999 жылы құрылған ұйымы. Ол екінші деңгейлі банк салымшыларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайды. Қазіргі кезде депозиттерді кепілдеу жүйесіне 26 банк қатысады.

«Астана банкінің» бір салымшысына төленетін ең жоғары сома: теңгемен салынған депозиттер бойынша - 10 млн теңге, шетелдік валютамен салынған депозиттер бойынша - 5 млн теңге, ал бір салымшының әрі теңгемен, әрі шетел валютасымен салған депозиті бойынша - 15 миллион теңгені құрайды.

Соңғы жаңалықтар