Астана барлық қазақстандыққа ортақ – Жеңіс Қасымбек көші-қонды шектеу туралы

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өзге өңірлерден елордаға көшуге шектеу қою бастамасы туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

жеңіс қасымбек
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«Қазақстан – унитар мемлекет. Біз мұндай сұрақтарды қоя алмаймыз. Елорда барлық қазақстандыққа ортақ және мұнда бәрінің келуіне құқығы бар. Жалғыз жауап осы болуы мүмкін. Екінші бір мәселе – елорда инфрақұрылымының осындай көші-қонға дайындығы. Шынында да, көші-қон қарқынынан артта қалушылық бар, әсіресе коммуналдық-инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымда байқалады. Сондықтан қазір тиісті шаралар қабылдануда. Жоғарыда айтылғандай, көптеген мектептер, медициналық нысандар, балаларға арналған мектепке дейінгі білім беру нысандарының құрылысы қарқынды жүруде», - деп түсіндірді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде.

Астана әкімі басқа өңірлерде жалақысы жоғары жұмыс орындары көп ашылса, көші-қон да өзгеретінін жеткізді.

«Жыл сайын қаланың жаңа тұрғындары 60-70 мың адамға көбейсе, оның 35 мыңы – табиғи өсім. Егер 6-7 жыл бұрын қалада 25 мың бала дүниеге келсе, биыл 33 мыңнан астам бала туған. Тіпті 35 мыңға дейін өседі деп болжап отырмыз. Астана – еліміздегі ең жас қалалардың бірі. Халықтың орташа жасы шамамен 30-да», - деп толықтырды қала басшысы.