«Астана» бас бапкер С.Стойловтың жалақысын ұлғайтып, келісімшарт мерзімін ұзартпақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» футбол клубы бас бапкер Станимир Стойловпен келісімшарт мерзімін ұзартуға ниетті. Gol.bg хабарлағандай, клуб демеушілері басшылық алдына болгарлық жаттықтырушымен келісімшартты ұзартуды талап еткен. Басылым ақпаратына сүйенсек, клуб Стойловтың жалақысын ұлғайтады. Қазір оның жылдық табысы 700 000 доллар болса, енді ол миллионға жетті.

«Астана» бас бапкер С.Стойловтың жалақысын  ұлғайтып, келісімшарт мерзімін ұзартпақ

Стойловтың «Астанамен» келісімшарты маусым соңында аяқталады. Оған Қытай мен Катар клубтарынан жақсы ұсыныстар түскені хабарланды. Sportal.bg ақпаратынша, қытайлық «Бэйцзинь Гоань» Стойловқа екі жылдық келісімшартқа тұруды ұсынды. Оған сәйкес бапкердің табысы жылына 5 миллион доллар болмақ.

Стойлов болса, болашақтағы жоспарын әзірге анықтамағанын айтты. «Қытай мен Катар клубтары бапкерлерді үлкен қаражатпен қызықтырады. Менде екі жол бар: осы командалардың бірін немесе футболды таңдау. Катар немесе Қытайда нағыз футбол бар деп ойламаймын. Менің жұмысымда ақша ең маңызды фактор болған емес. Мен үнемі жақсы жетістіктерге қол жеткізу үшін аянбай еңбектенетін клубтарда жұмыс жасауды қалаймын», - деді Стойлов. Ол маусымдағы соңғы матчтен кейін ойланатынын жеткізді, деп хабарлады vesti.kz.