«Астана» баскетбол клубының жабылатыны туралы ақпаратқа ресми түсініктеме берілді
АСТАНА. KAZINFORM – Спорт комитеті «Астана» баскетбол клубының қызметін тоқтату туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналиннің мәліметінше соңғы жылдары клубтың халықаралық аренадағы нәтижелері алға қойған міндеттері мен күткен нәтижелерге сәйкес келмеді.
— ВТБ Бірыңғай лигасының өткен маусымының қорытындысы бойынша «Астана» баскетбол клубы соңғы 12-орынға тұрақтады. Команда 44 матчтың тек екеуінде ғана жеңіске жетіп, жеңіліс көрсеткіші 95 пайыздан асты. Бұл — клубтың ВТБ Бірыңғай лигасындағы ең нашар нәтиже. Сонымен қатар, команда соңғы сегіз жыл бойы аталған турнирдің плей-офф кезеңіне шыға алмады, — деді Руслан Есеналин.
Ішкі аренада да «Астана» баскетбол клубы алға қойған мақсаттарына қол жеткізе алмады. Команда Қазақстан Кубогы жолындағы бәсекеде есе жіберіп, Ұлттық лиганың чемпиондық атағын да иелене алмады.
— Өткен жылы спорт саласын қаржыландырудың тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Заңның негізгі ережелері ұлттық құрама командаларды дамытуға басымдық беріп, спорт резервін қалыптастыруға, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен легионерлерді қаржыландыруға тыйым салуға бағытталған.
Қазіргі таңда отандық баскетбол спортын дамыту тәсілдерін қайта қарау жұмыстары жүргізілуде. Негізгі басымдық жастар командасын дамытуға, сапалы спорт резервін қалыптастыруға және балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға беріледі, — деді ол.
Айта кетелік Қазақстанда баскетбол неге дамымай отырғаны жөнінде жазған едік.