Астана бейбітшілік пен келісім қаласына айналды -ҚР Президенті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана бейбітшілік пен келісім қаласына айналды. Бұл туралы елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана бейбітшілік пен келісім қаласына айналды -ҚР Президенті

«Біз тарих үшін қысқа ғана кезеңде миллион тұрғыны, сәйкесінше инфрақұрылымы бар, назарын өзіне аудартатын маңызды оқиғалар өтер, әлемге танымал қалаға айналған жаңа елордамыз - Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында жиналып отырмыз. Астана бейбітшілік пен келісім қаласына айналды», - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Осы ретте Мемлекет басшысы елорданың мән-мағынасын сипаттап беру үшін танымал америкалық журналистің айтқан сөзін мысалға келтірді.

«Меніңше, қала біздің барлық отандастарымызды қуантып, қонақтарымды таң қалдырып отыр. Танымал америкалық журналист Ларри Кингтің: «Бүкіл тарихта қалаларды жаулап алады, ал Қазақстан қала салады», деген сөзі жадымда қалыпты. Меніңше, бұл сөз арқылы барлығы айтылған», - деді Елбасы.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев осынау сәулетті қаланы салуға әрбір қазақстандық еңбек сіңіргенін баса айтты.