Астана «болашақтың энергиясын» ұсынады - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 11 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 11 маусым, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы қалыптасқан дәстүр бойынша Астананың «жасыл белдеуін» құрайтын орман алқабын тікұшақпен аралап, қарап шықты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Бас қала төңірегі жасыл желек жамылуда» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Басылымның атап өтуінше, бүгінгі таңда елорданың көркін кіргізген жасыл аймақтың жалпы ауданы 16 584 гектарды құрайды. Оның ішінде 11 502,2 гектар аумақты орманды алқап алып жатыр. «2000 жылдан бастап егілген ағаштар 10 жылдың ішінде әжептәуір өсіпті. Мұнда жеміс ағаштары бар, саңырауқұлақтар да өседі. Демек, біз орманның флорасын қалыптастырдық, енді осы орманның ішіне фаунаны, яғни экожүйені орнықтыруымыз керек», - деп атап өткен Елбасы БАҚ өкілдеріне берген сұхбаты барысында.
ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао елімізде ертең басталатын мемлекеттік сапарына орай қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарына жазбаша сұхбат берді. Осы сұхбаттың толық мәтіні «Егемен Қазақстан» газетінде «Стратегиялық серіктестікке сенімділік» деген тақырыппен жарияланды. «Біз Қазақстанмен тығыз да үйлесімді қарым-қатынастарымызды БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және тағы басқа көпқырлы құрылымдарда берік ұстанып, өңірде және тұтастай алғанда, дүние жүзінде тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз етуге зор үлес қосу үстіндеміз. Қытай тарабы екіжақты қарым-қатынастың даму деңгейіне қанағат сезімін білдіре отырып, бұл үдерістің одан әрі де тереңдей түсетініне зор сенімділік танытады», - деген ҚХР Төрағасы.
***
2017 жылы әлемдік ауқымда өткізілетін ЕХРО халықаралық мамандандырылған көрмесін Астанада ұйымдастыру құқын алу үшін Қазақстан 10 маусым күні өтініш жолдады. Бұл Қазақстанның ЕҚЫҰ саммиті мен Азия Олимпиадасы ойындарын өткізу тәжірибесінің жанында ғаламат зор жоба болып табылады. Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Лоссерталес мырзаға ресми хат енді ғана тапсырылғанымен Қазақстан Үкіметі жобаның жұмысына былтырдан бастап дайындық жасап жатқан болатын. Экономикалақ даму және сауда вице-министрі Тимур Сүлейменов осы Қазақстанның жаңа бастамасы және ЕХРО-2017 өткізу құқығын байқаудан жеңіп алған жағдайда, Астананы не күтіп тұрғаны туралы «Айқын» газетінде әңгімелейді. Сұхбат «Астана «болашақтың энергиясын» ұсынады» деген тақырыппен берілген.
«Белгілі режиссер Талғат Теменов «Менің күнәлі періштем» атты романтикалық фильмнің түсірілімін аяқтап, жаңа туындыны БАҚ өкілдеріне таныстырды», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөміріндегі «Періштеге» көрімдікті көрермен береді» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, оқиға желісінде бала күнінен әнші болуды армандап, шоу-бизнес әлемін бағындырғысы келетін жас қыздың өмірі баяндалады. Бойжеткен өз мақсатына табан ақы, маңдай терімен емес, дәулетті көңілдесінің көмегімен қол жеткізіп жүреді. Қалта тонап, тәртіп сақшыларынан қашып келе жатып, концерт залынан бір-ақ шыққан жігіт оның өмірін күрт өзгертеді. Екеуінің арасында әдемі сезім пайда болып, аяғы махаббатқа ұласады.
***
«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурор Асхат Дауылбаевты қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, А. Дауылбаев Президентке еліміздігі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі туралы хабардар етті, сондай-ақ Елбасы тапсырмаларының орындалу барысы туралы және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру бойынша жүргізіліп отырған жұмыстар жөнінде баяндады. Кездесудің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы прокурорлық қадағалаудың тиімділігін арттыруға, азаматтардың, шағын және орта бизнес өкілдерінің құқықтарын, мемлекет пен қоғамның мүдделерін толықтай қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған нақты тапсырмалар берді.