Астана бойынша заңсыз сақталған қаруларын ішкі істер органдарына тапсырған азаматтарға 2 миллион 475 мың 221 теңге төленді
АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - Республика бойынша Ішкі істер министрлігі жариялаған тұрғындардан заңсыз сақталған қару-жарақтарды сатып алу жөніндегі акциясы аяқталуға таяу.
Аталмыш акция басталғалы тек елорданың өзінде қару тапсырған азаматтарға барлығы 2 миллион 475 мың 221 теңге төленген. Бұл туралы Астана қалалық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Естеріңізге сала кетейік, тұрғындардан қару-жарақ сатып алу акциясы елорда аймағында биылғы жылдың 1 ақпанынан басталды. Акция 31 наурыз күні аяқталады. Ақпан айы мен 28 наурызға дейін Астанада тұрғындардан 162 өтініш түсіп, 218 атыс қаруы тапсырылған. Олардың 52 данасы қолдан жасалған ұзын ұңғылы қару, жалпақұңғылы 166 қару бар. Сондай-ақ аталған қарулардың 5 мың 920 оқтары бар.
Астана қалалық Ішкі істер департаменті өздерінде заңсыз сақталып келген қандай да бір қаруын өткізем деген азаматтарға өздерінің тұрғылықты жерлеріндегі ішкі істер органдарына хабарласа алатындықтарын ескертеді. Сондай-ақ қару тапсыру бойынша Астана қалалық Ішкі істер департаментіне 716-018,, «Сарыарқа» аудандық ішкі істер бөліміне 716-646, «Алматы» ауданына 716-737, «Есіл» ауданына 716-654 телефоны арқылы хабарласуға болады.