Астана-Будапешт әуе қатынасы 8 маусымда ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана-Будпаешт арасындағы әуе қатынасы ағымдағы жылдың 8 маусымында ашылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Талғат Ластаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылу қарсаңында 8 маусым күні Астана мен Будапешт арасында тікелей әуе қатынасы орнайтын болады», - деп атап өтті ол.
Мұнан бөлек, оның айтуынша, ЭКСПО қарсаңында Астана-Хельсинки, Астана-Варшава, Астана-Ұланбатыр, Астана-Чельябі, Астана-Ереван бағыттарында тікелей әуе рейстері ашылады.
«Бұл Қазақстан және Мажарстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына орай ең қымбатты тарту болмақ. Енді Астананы Будапешттен 5 сағат уақыт бөліп тұр. Екі стратегиялық әріптестің елордалары жақындаса түсті», - деді өз кезегінде Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани.
«Wizz Air Hungary Ltd» әуе компаниясы коммуникациялар бөлімінің басшысы Тамара Валуа өз кезегінде Wizz Air әуе компаниясы бүгінгі таңда Airbus A320 және А321 сынды 79 ұшақтан құралған жас әуе кемелері паркін пайдаланып 41 мемлекеттің 139 әуежайына ұшатындығын атап өтті.
«Астана-Будапешт бағытының ашылуы «Wizz Air» компаниясы үшін айтулы оқиға деп есептеленеді. Өйткені бұл біздің әуе компаниямыздың Қазақстандағы дебюті. Сондай-ақ бұл бағыт Қазақстанды Еуропа Одағымен бірінші лоу-кост әуе қатынасы жолымен қамтамасыз етеді және жалпы алғанда Будапешттен ұшатын 2017 жылына 4 миллионнан астам жолаушы орынын ұсынатын 62 бағытты пайдалануға береді», - деді Тамара Валуа.